ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ
1.Білімділік: Оқушыларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы мағлұмат бере отырып, олардың шығу тарихын түсіндіру.
2.Дамытушылық: Оқушылардың мемлекет рәміздер жайлы ой-өрісін кеңейту, дамыту.
3.Тәрбиелік: Оқушыларды ұлттық нышандарды қастерлеуге, елжандылыққа тәрбиелеу.
Сабақ түрі: аралас сабақ
Сабақ әдісі: баяндау, сұрақ-жауап, ойын, кестемен жұмыс
Көрнекілік: интерактивті тақта
1.Ұйымдастыру кезеңі: (1 мин) Оқушылармен сәлемдесу, олардың назарын сабаққа аудару.
Шоқан Уәлиханов: «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет»
2. Үй тапсырмасын тексеру: (5 мин)
Тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы
«Білім баспалдағы» ойыны. Шарты: Интерактивті тақтада көрсетілген «Білім баспалдағының» шыңында сөз жасырылған, оған жетіп, шешу үшін әр сатыдағы сұрақтарға жауап беру керек.
Әр сатыдағы сұрақтар:
1-Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қашан қабылданды? (1993ж. 28 қаңтар)
2-Қазақстанның жаңа екінші Конституциясы Қашан қабылданды? (1995ж. 30 тамыз)
3-Референдум дегеніміз не? (мемлекеттің және қоғамның өміріндегі маңызды бір мәселесі бойынша бүкілхалықтық дауыс беру)
4-Қазақстанның қазіргі Конституциясы неше бөлімнен және қанша баптан
тұрады? (Қазақстан Республикасының Конституциясы 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады)
5-Қазақ тарихында болған басқа қандай заңдарды білесіз? (Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы»)
6-Республика деп нені айтамыз? (Республика деп - мемлекет басшысы белгілі бір мерзімге сайланатын мемлекеттік басқару түрін айтады)
(Жасырын сөз «Қазақстан») Енді оқушыларға «Қазақстан қандай мемлекет?» деген сұрақ қойылады.
3.Үй тапсырмасын қорытындылау: (1мин) Сонымен балалар, сендер Ата Заңымыз туралы көп білдіңдер, енді осы Ата Заңның 9-шы бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері-Туы, Елтаңбасы және Гимні бар» деп айтылған, соған байланысты бүгінгі жаңа сабағымызды бастайық.
4.Жаңа сабақ. (7мин) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
1-Рәміз белгілер ұғымы.
2-Қазақ елі рәміз белгілерінің тарихынан.
3-Қазақстан Республикасы рәміздері.
1) Балалар, сендер Қазақстан Республикасының азаматысыңдар, төменгі сыныптан рәміздер жайлы білуге тиіссіңдер. Олай болса рәміздерге нені жатқызамыз? Дүние жүзіндегі мемлекеттердің бет-бейнесін айқындайтын нышан-белгілері болады. Олар рәміздер деп аталады. Әрине олар: Елтаңба, Ту, Гимн.
Рәміздер белгілі бір елдің басқа елмен қатынасында маңызды рөл атқарады.Мысалы: ту шетелде екі жағдайда көтеріледі: мемлекет басшысының сапары кезінде және олимпиада жеңімпаздары анықталған кезде. Сонымен қатар осы екі жағдайда мемлекеттік Гимн орындалады. Мемлекеттік рәміз нышандарының тарихы тереңде жатыр. Тіпті оларды зерттейтін ғылым салалары да бар: елтаңбаларды зерттейтін ғылым-геральдика, туларды зерттейтін ғылым саласы-виксикология деп аталады.
2) Қазақ елінің рәміз белгілерінің бай тарихы бар. Атап айтсақ ежелдегі ғұн империясы, ерте орта ғасырдағы қағанаттар- Түрік, Түргеш, Қарлұқ немесе Керей, Найман мемлекеттері, кейінгі орта ғасырлардағы Алтын Орда және ақ Орда мемлекеттерінің де өз нышан-белгілері болған екен.
Дерек көзіне сүйенер болсақ, Алматы маңындағы Аңырақай тауынан табылған «Таңбалы тас» ескерткішінде 2000-ға жуық суреттер салынған. Осы суреттердің ішінде ежелгі тулар мен таңбалар көп кездеседі.
Жалпы тулар жайында айтатын болсақ, Қазақ мемлекеті билеушілерінің әртүрлі тулары болған. Мысалы: Орта Азия билеушісі Әмір Темірдің туы көк түсті, Абылай ханның туы ақ, қазақтың 17ғ. Ұлы ханы Еңсегей бойлы ер Есімнің туы қызыл болған.
3) Елтаңба - әр мемлекеттің негізгі нышандарының бірі, оны 1992 жылы Жоғарғы Кеңес шешімімен бекітті. Елтаңбаның авторлары-Шота Аман Уалиханов пен Жандарбек Мәлібеков. Елтаңбаның ортасында киіз үйдің шаңырағы бейнеленген, оған шаншылған уықтар жан-жаққа күн сәулелерін шашып тұрғандай, екі шетіндегі қанатты пырақтар қазақ халқын жамандықтан қорғап тұрғандай.
Ту-мемлекетті танытып тұратын басты белгі. ҚР Туы 1992 жылы маусым айында бекітілді. Жобасын сәулетші, суретші Шәкен Ниязбеков жасаған. Тудың түсі көк, ортасында күн және оның астында қыран құс бейнеленген. Қыран құс-еркіндіктің белгісі, қошқармүйіз ою-қазақтың қолөнер туындысы.
Қазақстанның бірінші Гимні 1992 жылы желтоқсан айында қабылданды. Ал 2006 жылы қабылданған қазіргі Гимннің сөзінің авторлары – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған – Шәмші Қалдаяқов.
Біз жыл сайын 4-ші маусым күнін «Рәміздер күні» деп атап өтеміз.
5.Жаңа сабақты бекіту: (4 мин) Кезекпен оқушылар кестені толтырулары қажет.
6.Жаңа сабақты қорытындылау: (3 мин) Сонымен балалар, бүгінгі сабағымызды қорытындыласақ, дүние жүзінде үлкенді-кішілі 224 мемлекет бар. Олардың әрқайсысын бірінен – бірін ажырататын, ерекшелейтін нышан-белгілері болады. Сол мемлекеттердің ішіндегі Қазақстан туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Гимнімен айбатты. Ал Қазақстанның білімді ұрпақтары сендерсіңдер.
7.Бағалау: Геометриялық фигуралармен бағалау.(қызыл түстілер-5, көк түстілер-4)